Бішкектегі бүлік басылар емес: қорқаулар үйлерді өртеуде

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат - Қырғызстандағы жағдай қайта ушығып отыр. Бішкек түбіндегі Маевка селосында қала шетінен жер телімін алғысы келетін қырғыздар мен осы маңда бұрыннан тұрып келе жатқан және аудандағы жердің басым бөлігіне иелік ететін түріктердің арасында ұлтшылдық қақтығыстар орын алуда,

Бішкектегі  бүлік басылар  емес:   қорқаулар     үйлерді  өртеуде

деп хабарлайды РБК агенттігі.

Өз беттерімен жер басып алушылардың бір тобы кеше Маевка және Ленинское селолары тұрғындарының жер телімдеріне баса-көктеп кіріп, қазық қадай бастады. Жер иелері оларды қуып шықпақ болған кезде жоғарыда айтып өткен қақтығыстар орын алған.

Қандары қызып алған бұзақылар алдымен милиция ғимаратын шабуылдаған, одан кейін Бішкекке бет алған. Таспен және арматурамен қаруланған жастар қала орталығына Үкімет үйіне өтпек болған, бірақ оларды құқық қорғау органдарының қызметкерлері тоқтатқан.

Олардың алдына шыққан Бішкек мэрінің міндетін атқарушы Иса Омарқұлов қаланың шеткі аудандарынан оларға жер беруге уәде берді. Содан кейін әлгілер селоға қайта оралады, бірақ бұл кезде жергілікті тұрғындар қорғануға әзір болады, олардың ішінде аңшы мылтығымен қаруланғандар болған.

Куәгерлердің хабарлауынша, елірген тобыр ондаған үйді өртеп жіберген. Алдын-ала мәліметтер бойынша, оқиға салдарынан 2 адам қаза болған, 10-нан астам адам жараланған.

Уақытша үкіметтің басшысы Роза Отынбаеваның айтуынша, қазір аталған селодағы жағдай «бақылауға алынды». Құқық қорғаушылар мен оларға көмекке келген ауыл тұрғындарының күшімен тәртіп ретке келтірілді. Құқық қорғау органдарындағы дереккөздің мәліметі бойынша, 40-қа жуық адам қамауға алынған.