Бішкектегі оқиғалар кезінде 75 адам ауруханаға жеткізілді – полиция

БІШКЕК. Кабар - ҚазАқпарат – Бішкектің травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығы мен Ұлттық госпиталіне қаладағы оқиғалардан зардап шеккен 75 адам жеткізілді. Құрбан болғандар жоқ.

Бішкектегі оқиғалар кезінде 75 адам ауруханаға жеткізілді – полиция

Бұл туралы Қырғызстанның Кабар агенттігі Бішкек қалалық ішкі істер басқармасына сілтеме жасап мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Зардап шеккендердің арасында 46 адам құқық қорғау органдарының өкілі.

Еске салайық, жексенбі, 4 қазан күні Қырғызстанда Жогорку Кенешке депутаттарды сайлау өтті. Депутаттық мандатқа 16 партия үміткерлік етті. Дауыс берудің алдын ала мәліметі бойыншы, 7% межені 4 партия еңсерді.

Ал, бүгін, 5 қазан күні сайлау нәтижесіне көңілі толмаған бір топ адам орталық алаңда митинг ұйымдастырып, одан кейін Ақ үйге беттеді. Оларды тарқату үшін милиция көз жасаурататын газ, суатқыш және газ-шуылды құрылғылар қолданған. Бішкек уақытымен сағат 22.00-дегі мәлім бойынша, ауруханаға зардап шеккен 16 адам жеткізілген.

Елдің Ішкі істер министрлігі митингті ұйымдастырушылар мен партия басшыларын өз жақтастарын үйлеріне қайтаруға шақырды.

Кейін Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков ертең, 6 қазан күні парламенттік сайлауға қатысқан барлық 16 партия басшысымен кездесетіні мәлім етілді.

Айта кетейік, елдің Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің соңғы нәтижесін сайлаудан кейін 20 күннен кешіктірмей жариялауы тиіс.

Сондай-ақ бүгін Бішкекте наразылық білдірушілер Ақ үйдің аумағына басып кіргендігі хабарланды. Ал Ақ үйден шыққан өрт жергілікті уақытпен сағат 7:46-да сөндірілді.