Бішкектегі жарылыста жарақат алғандар жазылып келеді
БІШКЕК. ҚазАқпарат - Бішкектегі Қытай елшілігі ғимараты маңындағы жарылыстан зардап шеккендер тәуір болып келеді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне Бішкек травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының бас дәрігері Алмаз Кубатбеков хабарлады.
«Зардап шеккендердің екеуі де 1999 жылы туған, елішілікте бағбан болып еңбек еткен. Ауруханаға түскенде олардан мидың шайқалуы, орташа деңгейдегі контузия, бет мен тәніндегі жеңіл жарақаттарды анықтадық. Қазір пациенттердің жағдайы тұрақты. Егер еш қиындық туындамаса, жақын күндері оларды ауруханадан шығарамыз», - деді А.Кубатбеков.
«Тергеу мүдделеріне қатысты пациенттер жайлы мәлімет таратылмайды», - деп толықтырды бас дәрігер.
Айта кетейік, 30 тамыз күні шамамен таңғы 10-да белгісіз автокөлік Бішкектегі ҚХР елшілігі ғимаратының қақпасын бұзып кіргісі келген және сол сәтте жарылыс болған. Автокөлік жүргізушісі қаза тапты және екі Қырғызстан азаматы жарақат алды.