Бишімбаев отбасы алимент төлеуден бас тартты – жазасын өтеушінің бұрынғы әйелі

АСТАНА. KAZINFORM – 24 жылға сотталған экс-шенеунік Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман балаларына берілетін алименттің үнемі кешіктірілетінін және жақында Бишімбаевтар отбасы оны төлеуден мүлдем бас тартқанын айтты.

Назым Қахарман
Фото: Видеодан алынған кадр

Жарты сағаттық мәлімдеме Н. Қахарманның Youtube-арнасына жарияланған. 

− Биыл Кәрімнің мектебіне үш транштың екеуін Қуандық пен оның отбасы төлеген жоқ. Өткен жылғы демалыстың ешқайсысы төленбеді, тіпті психологтің қызметтері де төленбеді. Ал біз психологке өте көп жүгіндік, себебі басымыздан өткен оқиға үлкен психологиялық соққы болды. Мен барлық шығын сомаларын адвокат Ғазымжановқа жіберіп отырдым. 1,5 жылда өте қомақты сома шықты. Бірақ олар еш елемеді. Денсаулық туралы, тіпті айтпай-ақ қояйын. Ешбір дәрігер шоты, дәрумендер мен дәрі-дәрмектердің құны төленбеді, − дейді. 

Оның айтуынша, алимент туралы келісім 2020 жылы ажырасу кезінде жасалған.

− Қуандықта бізден кетіп, ештеңе төлемейтін таңдау болды. Бірақ сотта, ата-ана құқығынан айыратын кезде ол бар жауапкершілікті мойнына алатынын және оны орындайтынын айтты.

Бірақ мен алименттің өзін үнемі еске салып, Баян есімді адвокатқа хабарласатынмын. Тіпті дәл қазір, бұл видеоны жазып отырған 28 наурызда осы айдың алименті әлі аударылмаған, − дейді. 

Дегенмен алимент қараша-желтоқсан айларында тұрақты төлене бастаған, бірақ бұл ұзаққа созылмаған.

Н. Қахарманның айтуынша, 30 наурызда оған Бишімбаевтар отбасының адвокаты хабарласып, алимент төлеуден мүлде бас тартатындықтарын хабарлаған. 

Агенттік тілшісі Қ. Бишімбаевтың адвокаты Ержан Ғазымжановқа хабарласты, алайда қорғаушы қысқа қайырды. 

- Ол мәлімдемені растамаймын, - деді. 

Еске сала кетсек, Назым Қахарман мен Қуандық Бишімбаев 14 жыл некеде болған. Олардың үш ортақ баласы бар және 2019 жылы экс-министр жемқорлық үшін абақтыдан шыққанда ажырасқан. 

Ал 2024 жылы 13 мамырда Қ. Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталып, 24 жылға сотталды

Соңғы жаңалықтар