Бишімбаев ісі бойынша сараптама жұмыстары қашан аяқталады
ҚР Әділет министрі Азамат Есқараев атышулы Қуандық Бишімбаев ісі жөнінде тілшілер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Kazinform.
Үкімет үйінде өткен брифингте тілшілер министрден Қ. Бишімбаев ісі бойынша сараптама жұмыстары қашан аяқталатынын сұрады.
«Бұл іс бойынша 12 сараптама тағайындалды. Бізге Ішкі істер министрлігінен тиісті тапсырмалар келді. Біз қазірдің өзінде құқық қорғау органдарына 11 сараптама қорытындысын жібердік. Жақында тағы 12-ші сараптама келіп түсті және біздің сот сараптамасы орталығы тиісті жұмыс жүргізіп жатыр. Мен бірден айтамын, заңнамаға сәйкес сараптама 30 күнге дейін жүргізілуі мүмкін. Бұл жұмысты аяқтаған соң белгіленген тәртіппен Ішкі істер министрлігіне жібереміз», - деп жауап берді Азамат Есқараев.
Сонымен бірге, министрге Қуандық Бишімбаев өмір бойына қамалуы мүмкін бе деген сұрақ қойылды.
«Мен заңгер ретінде қолданыстағы заңнаманы құрметтеймін, сондықтан ешқандай пікір немесе баға бере алмаймын. Бұл мәселе бойынша тиісті құқық қорғау органдары бар, соларға жүгінуге кеңес беремін. Басқа ештеңе айта алмаймын», - деді Әділет министрі.
Еске салайық, биылғы 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайын соққыға жықты. Әйел жедел жәрдем келгенше көз жұмды.
Кейін Ішкі істер министрлігі Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Елорда полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеу амалдарын бастады.
11 қарашада Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Қуандық Бишімбаевті 2 айға қамауға алу шарасын санкциялады.
12 қарашада кісі өлімі болған «Гастро-Орталық» мейрамханасының директоры ұсталды.
15 қарашада өткен кеңесте Президент Қ.Тоқаев ІІМ-ге Бишімбаевтің ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.