Бишімбаев ісі: Бүгінгі сот несімен есте қалды

Бишімбаев
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында күн сайын тың деректер жарияланып келеді. Қос тараптың қорғаушылары біліктілігін танытып, әр сөзді, әр секундты талдап жатыр.

Бүгін Бишімбаевтың адвокаты Ерлан Ғазымжанов «әдетіне басып», судья Айжан Құлбаеваға «сот біржақты өтіп жатыр» деп байбалам салды. Тіпті, әділетсіз сот ісін жүргізіп жатырсыз деп сотқа қарсы шықты.

«Мен сіздің әрекеттеріңізге қарсылық білдіруге мәжбүрмін, өйткені сіз процесті біржақты жүргізіп жатырсыз. Сіз мемлекеттік айыптаудың кішігірім өтініштеріне дейін қанағаттандырасыз. Ал біздің дәлелді өтініштерімізден бас тартасыз. Мен сіздің әрекеттеріңізге қарсылық білдіруге мәжбүрмін, - деді Ғазымжанов.

Судья адвокатқа жөнсіз айып таққаны үшін ескерту жасады.

Бұдан кейін сотта Салтанат Нүкенованың құрбысы Аида Ахмедина төбе көрсетіп, сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, марқұм құрбысымен жазысқан хаттарды оқып берді. Онда Салтанат Қуандық Бишімбаевпен бірге тұра алмайтынын, Таиландтан 10 мың долларға психолог келіп, бірақ Бишімбаевқа ем қонбағанын айтқан.

«Оның ойы ылғи сандырақ. Тыңдамасам жынданып, айғайлайды. Шынымды айтсам, мен оны аяймын. Ол жаралы адам. Мен оған көмектескім келген, бірақ мен өз-өзімді өлтіріп тынатын шығармын...», - деп жазған Салтанат құрбысына.

Бұдан кейін сотта тағы бір айыпталушы Бақытжан Байжановтың ұялы телефонындағы деректер жарияланды.

Телефонда Салтанат Нүкенова көз жұмған күні түсірілген видео сақталған екен. Байжановтың айтуынша, жедел жәрдем қызметкерлері Салтанаттың өлімін тіркеп, жария қылғаннан кейін Бишімбаев өзін видеоға түсіруді өтініпті.

Прокурор сотта видеоны көрсетуге шектеу қойып, аудио дыбысты тыңдатты. Видеоның біреуі 9, екіншісі 12 секундқа созылған. Бейнежазбалар 2023 жылдың 9 қарашасында сағат 20.17-де түсірілген.

«Бар дүниемді, шоттарымды балаларыма сыйлаймын. Назымға сыйлаймын. Балаларымды асырасыншы. Соның 10 пайызын мен Мансұр, Карим, Ранияға сыйлаймын. Назымға сыйлаймын. Осыны айтам», - депті Бишімбаев.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот процесі 18 сәуірде сағат 09.30-де жалғасады.

Соңғы жаңалықтар