Бишімбаев ісі: Көріпкелден жауап алынды
АСТАНА. KAZINFORM – Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесінде бүгін көріпкел куәгер ретінде сауалдарға жауап берді. Сотқа онлайн форматта қатысқан ол жан-жақтан қысым көрсетіліп жатқанын алға тартып, БАҚ қатысуынсыз жауап беруге өтініш білдірді.Прокурорлар бұл өтінішті қанағаттандыруды сұрады. Алайда, жәбірленушілер қолдаған жоқ. Тараптардың ұсынысын сараптаған судья Айжан Құлбаева куәгердің бет-әлпетін түсірмей және жеке деректерсіз жауап алу туралы шешім қабылдады.

Көріпкел Бишімбаевты анасы арқылы танитын болып шықты. Шамамен 1,5-2 жыл бұрын танысқан. Қуандық Бишімбаев ара-тұра хабарласып тұратын көрінеді.
9 қараша күні Бишімбаев қоңырау шалған кезде көріпкел «неге жедел жәрдем шақырмайсың?» деп айтқанын алға тартып отыр.
«Ол маған қоңырау шалды. «Мен не істей алам, жедел жәрдем шақыр, дәрігерге көрсет» дедім. Ол маған қайта-қайта қоңырау шала берді. Ақыры, жауап бермей қойдым. Ол жаза бастады. «Оның қалы жақсы деп жазыңызшы» деп қоймай қойды», - деді ол.
Көріпкелдің айтуынша, сағат 19:30-да ол Бишімбаевтың анасы Альмираға телефон соққан.
«Сіздің ұлыңыз бірдеңе бүлдірді. Олар қатты төбелесіп қалды, барып біліңіз. Онда қорқынышты нәрсе болды. Ол қатты жылай бастаған соң мен тұтқаны қоя салдым», - деді көріпкел.
Екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов көріпкел өтірік айтып тұрғанын жеткізді. Ол көріпкелдің «жедел жәрдемге қоңырау шал деп айттым» деген сөзін жоққа шығарып отыр.
«Мен бұл жерде бәрін тыңдап отырмын. Бірінші рет қоңырауды сағат екіде шалған. Ол кезде мен болған емеспін. Сағат 15.51 кезінде қоңырау шалған кезде мен Бишімбаевтың жанында болдым, бәрін естідім. Оның жауабы маған көмектесе ме, жоқ па, білмеймін, бірақ ол шындықты айтып тұрған жоқ. Ол «дәрігерді, жедел жәрдемді шақыр» демеді. Мен Бишімбаевтың жанында тұрғанмын. Бәрін естіп тұрдым. Ол «оның миы шаршаған, ұйықтап алсын, біраздан кейін оянады, содан кейін үйге қайтасыңдар» деді», - деп Байжанов естігенін айтып берді.
Еске сала кетсек, биыл 27 наурызда елорданың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қ. Бишімбаевтың ісі бойынша алқа билерді іріктеу өтті. Алқа билерді фото, видеоға түсіруге және жариялауға тыйым салынған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша онлайн-көрсетілім рейтингі кейбір сериалдардан асып түсті. Жоғарғы Соттың Коммуникация бөлімінің меңгерушісі Перизат Сәдуақастың айтуынша Қ.Бишімбаевқа қатысты сот процесіне қоғам жоғары қызығушылық танытып отыр. Тікелей эфирге 250 мың көрерменнің бір мезгілде қосылуы бойынша рекорд тіркелді. 25-44 жас аралығындағы көрермендер жалпы көрермен санының 58%-ын құрап отыр.