«Бітімгершілік қызмет туралы» заң қабылдау қажет - И.Адырбеков

Бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицерлерін БҰҰ-ның миссияларына қатысу үшін бақылаушылар ретінде жіберу туралы Үндеуін қарау барысында сенатор Икрам Адырбеков осылай деді.
Әскерилер тек бақылаушы ретінде өз еркімен жіберілетіндігіне қарамастан бұл жұмыста қандай да бір тәуекел, қауіп-қатердің бар екендігі белгілі деп атап өткен сенатор: «Бірақ, қазір қай елде, қай жерде қауіп жоқ. Мысалы, бүгінгі таңда біздің дипломаттарымыз қауіп-қатерге толы елдер мен қауіпті аймақтарда, айталық, Ауғанстанда, Пәкістанда, Мысырда, Таяу Шығыс елдерінде аса жауапкершілікпен, абыроймен өздерінің қызметтерін атқарып келеді. Дегенмен осы мақсатта, жақын мерзімде Парламентте арнайы «Бітімгершілік қызмет туралы» заң қабылдау керектігі туындайды», - деді.
И.Адырбековтың атап өтуінше, аталған заңда БҰҰ-ның бітімгершілік шараларына қатысатын Қазақстанның әскери қызметкерлерінің БҰҰ-ның стандарттарына сәйкес әлеуметтік қорғау, қамсыздандыру, сақтандыру мәселелері толықтай қарастырылуы қажет.
«Қорыта айтқанда, ел Президенті Қазақстан Парламентіне жолдаған үндеуінде атап өткендей, бүгінгі таңда БҰҰ-ның бітімгершілік мақсаттарына Қазақстанның әскери қызметкерлерін жіберу еліміздің ұлттық мүдделері мен қауіпсіздігіне қызмет ететін стратегиялық мәні бар аса маңызды қадам. Осы шешім арқылы Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік күші деген жаңа мәртебеге ие болады», - деді ол.