Биткоин АҚШ-тың өсіп келе жатқан мемлекеттік қарызын азайтуы мүмкін — сенатор
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ әлемдегі барлық биткоиннің 5 пайыздан астамына иелік етсе, мемлекеттік қарызын едәуір қысқартуы мүмкін. Бұл туралы АҚШ сенаторы мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Crypto News басылымына сілтеме жасап.
Вайоминг штатынан сайланған республикашыл сенатор Синтия Ламмис АҚШ барлық биткоиннің шамамен 5 пайызына тең көлемді (1 миллион BTC шамасында) сатып алып, оны 20 жыл бойы сақтаса, теориялық тұрғыдан қазіргі 39 триллион доллардан асатын мемлекеттік қарызды айтарлықтай азайтып, тіпті үштен біріне немесе жартысына дейін қысқартуға мүмкіндік бар екенін айтты.
Ламмис бұған дейін де қосымша бюджет шығындарынсыз бес жыл ішінде 1 миллион BTC сатып алуды көздейтін заң жобасын қолдап келеді.
Алайда бұл бастамаға қарсы пікір айтушылар да аз емес. Сарапшылар биткоин бағасының өте құбылмалы екенін, оның құны күрт төмендеп кетуі мүмкін екенін алға тартады. Сонымен қатар, криптовалюта сатып алу үшін алтын қорларын жаппай сату мемлекеттік резервтерге деген сенімді әлсіретуі ықтимал екенін ескертеді.
Arkham аналитикалық компаниясының деректеріне сәйкес, АҚШ үкіметінің иелігінде 328 352 биткоин бар. Оның жалпы құны шамамен 20,29 миллиард долларды құрайды. Бұл активтердің басым бөлігі қылмыстық және азаматтық істер аясында тәркіленген қаражат есебінен алынған.
Қазіргі уақытта биткоин бағасы 61 586 долларға дейін төмендеген. Бұл 2025 жылғы қазанда тіркелген 126 198 долларлық тарихи рекордтық көрсеткіштен шамамен 52 пайызға төмен.
Бұған дейін биткоин құнының құлдырауы жеделдеп жатқаны хабарланған болатын.