Биткоин бағасы 106 мың доллардан асып түсті

АСТАНА. KAZINFORM – Биткоин тағы да құн рекордын жаңартып, 106 мың доллар шегінен асып түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.

биткоин, криптовалюта
Фото: Freepik

Binance криптобиржасының мәліметінше, 16 желтоқсанға қараған түні Мәскеу уақытымен сағат 03:40-та бағам бірлік үшін 106,6 мың долларға жетті. Алайда сағат 04:22-ге қарай баға қайтадан көтеріле бастағанға дейін 105,4 мың долларға дейін төмендеді. Бір тәулік ішінде криптовалюта құны 3,5%-дан астамға өсті.

Биткоинның өсуі 5 қарашада АҚШ президентінің сайлау күнімен тұспа-тұс келді. Ол кезде баға $68 мың болды, содан бері криптовалюта өзінің тарихи максимумдарын бірнеше рет жаңартты.

TradingView мәліметінше, соңғы 24 сағатта криптовалюталардың жалпы капитализациясы 0,69%-ға өсіп, 3,641 трлн долларға жетті. Биткоин 2,08 трлн долларды немесе жалпы нарық құнының 57%-дан сәл астамын құрап отыр.

Биткоин бағасының өсуі басқа жетекші криптовалюталардың өсуін ынталандырып отыр. Мысалы, Ethereum 1,15%-ға қымбаттады, оның құны бір бірлік үшін 4 мың долларға жетті.

Сарапшылар нарықтың ағымдағы динамикасын инвесторлардың артып жатқан қызығушылығымен және инвестициялық құрал ретінде криптовалюталардың тартымдылығын арттыратын макроэкономикалық факторлармен байланыстырып отыр.

Осыған дейін ақша айырбастау орындарында доллар 522 – 529 теңгеден саудаланып жатқанын жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар