Биткоин бағасы маусым айынан бері алғаш рет 71 мың доллардан жоғары көтерілді
АСТАНА. KAZINFORM – Биткоин бағасы келесі аптада АҚШ-та өтетін сайлау қорытындылары төңірегіндегі алыпсатарлық тұсында өсті, деп хабарлайды The Economic Times.
Цифрлық валюта 2%-дан астамға өсіп, 71 310 долларға жетті, ал Ether және Dogecoin сияқты басқа криптовалюталар да шамамен 4% өсім көрсетті.
Биткоинді жиі Дональд Трамппен байланыстырады, өйткені ол цифрлық активтерді қолдайтынын ашық айтып, тіпті АҚШ-ты планетаның криптовалюталық астанасына айналдыруға уәде берді. Ал оның бәсекелесі Камала Харрис цифрлық активтер үшін нормативтік база құруға шақырды.
Қазіргі уақытта Трамп болжамдық нарықтарда көш бастап отыр, ал сауалнамалар Демократиялық партия атынан кандидат вице-президент Камала Харриске жақын бәсекені көрсетеді. 5 қарашадағы сайлау күні құбылмалылық жоғары болады деп күтіліп отыр.
Біз бұған дейін Дональд Трамптың криптовалюта индустриясынан қолдау сұрағанын жазған болатынбыз. Бұл ретте ол бұрын биткоинді алаяқтық деп атаған.
Осыған дейін Алматы тұрғынының 67 млн теңгенің криптовалютасын алаяққа беріп жібергені туралы жаздық.