Битум экспортына қойылған шектеу мерзімінен бұрын алынбақ

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге мұнай битумын әкетуге салынған шектеу алынып тасталмақ. Осыған қатысты Энергетика министрінің бұйрығы ашық НҚА порталында жарияланды.

битум
Фото: kabar.kg

Құжатты қабылдау қажеттілігі жол битумын тұтынудың маусымдық сипатына, отандық кәсіпорындардағы бос өндірістік қуаттардың болуына және мұнай өңдеу зауыттарының тұрақты жүктемесін қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты.

Бұйрық жобасы қабылданған жағдайда, маусымаралық кезеңде ішкі нарықта сұранысы төмендеген жол битумының артық көлемін ЕАЭО-ның кедендік аумағынан тыс елдерге экспорттауға мүмкіндік туады.

Айта кетейік, Энергетика министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі бұйрығымен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағының шегінен тыс жерлерге Қазақстан Республикасының аумағынан мұнай битумын әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынған еді.

Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың шілдесінде Премьер-министрі Олжас Бектенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде жол битумын өндіру көлемін арттыруды, жаңа өндіру қуатын іске қосуды тапсырған болатын.