Биыл 1,2 мыңнан астам кәсіпорын жалған кәсіпкерлікпен айналысқан - Салық комитеті

АСТАНА. 17 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2013 жылы Қазақстанда 1214 салық төлеушіні сот жалған кәсіпорын деп таныды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдәев мәлім етті.

Биыл 1,2 мыңнан астам кәсіпорын жалған кәсіпкерлікпен айналысқан - Салық комитеті

«Жалған кәсіпорын қызметі - еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп тудыратын және бюджеттік кіріс бөлігін қалыптастыруға теріс ықпал ететін маңызды мәселелердің бірі. Ағымдағы жылдың басында жалған кәсіпкерлікті ерте сатысында анықтау және жолын кесу мақсатында Салық органдары мен қаржы полициясы органдарының бірлескен бұйрығына қол қойылды», - дейді Салық комитетінің басшысы.

Оның айтуынша, Қаржы полициясы органдарына жалған кәсіпорын белгілері бар 7333 заңды тұлғаға қатысты мәліметтер берілген.

«Бүгінгі күнде 1214 салық төлеушіні сот жалған кәсіпорын деп таныды. Контрагенттермен өзара есепайырысулар 1 трлн. 271,5 млрд. теңгені құрады. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде есептелген КТС пен ҚҚС сомасы 107,6 млрд. теңге болған», - деп атап өтті ол.