Биыл 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл 9 айда елімізде өндіріс көлемі 4,6 пайызға өсті. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 10 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді
«Осы жылдың қаңтар-қыркүйегінде өндіріс көлемі 4,6 пайызға өсті. Көрсеткіштің өсімі 16 өңірде тіркелді. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша өсу қарқыны машина жасау өндірісінде 7,6%, оның ішінде автомобиль жасауда – 17,8% және электр жабдықтарын жасауда – 11,5%, сондай-ақ азық-түлік тауарлары бойынша – 3,7%, сусындар – 7%, пластмасса бұйымдары – 4,9%, дайын металл бұйымдары – 2,5%, химия өнеркәсібі тауарлары – 10,7% және киім өндірісінде – 7,3%-ті құрады», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,1 пайызға ұлғайды. Салалар бөлінісінде өсу тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсетуде – 18,4 пайызды, көмір өндіруде – 2,1 %, газ және металл кендерін өндіруде 0,6 пайызды құрады.

«Бұл ретте өндірістің өзге де пайдалы қазбаларды өндіруде 8,9 % төмендеуі тіркелді», - деді министр.

Бұдан бөлек ол аталған кезеңде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 5,1 пайызға артқанын айтты. Көрсеткіштің оң өсуі 17 өңір бойынша тіркелді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсуі Шымкент қаласында, Қызылорда, Ақмола, Алматы және Түркістан облыстарында байқалды.

«Биылғы қаңтар-қыркүйекте 10,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңінен 0,9 пайызға артық. Оң өсім 15 өңір бойынша тіркелді. Ең жоғарғы көрсеткіштер Түркістан, Жетісу, Алматы облыстарында және Шымкент қаласында тіркелді. Көрсеткіштің төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Абай, Атырау облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында байқалды», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы қаңтар-қыркүйекте Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 2,8 пайызды құрады.