Биыл 10 өңірде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жастарды баспанамен қамту жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл 10 өңірде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады

«Жастардың тұрғын үй мәселесін шешу бойынша нақты жұмыстар жалғасады. Қазір өңірлік тұрғын үй бағдарламалары 6 өңірде іске қосылды. Биыл жыл соңына дейін осындай бағдарламаларды 10 өңірде әзірлеу жоспарланған», - деді Д. Қыдырәлі министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.

Айта кетейік, таяуда мемлекеттік жастар саясаты туралы заң қабылданды. Заңға сәйкес, жастар санаты 35-ке дейін ұлғайды. Бұл санаттағы азаматтар саны 6 миллионға дейін көбейді.

Дарынды жастарды қолдау мақсатында 3 млн теңгеден «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 33 адамға тағайындалды.

Бұл грант жыл сайын беріледі және оның көлемін ұлғайту жоспарланған.

Былтыр Қазақстан жаһандық жастардың даму индексінде 150 мемлекет арасынан 63-орыннан 53-орынға көтерілген.