Биыл 11 мыңнан астам этникалық қазақ оралман мәртебесін алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биылғы жылдың 1 қарашасына дейін 11,8 мың адам тарихи Отанына оралып, оралман мәртебесін алды. ҚазАқпарат бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл 11 мыңнан астам этникалық қазақ оралман мәртебесін алды

Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 69,1 мың этникалық қазақ оралған.

«Осы жылы Қазақстанға келген оралмандардың жартысынан көбі (55,5%) Қытайдан, 28,8% – Өзбекстаннан, 9,1% – Түрікменстаннан, 3,4% – Моңғолиядан және 2,9% — басқа елдерден келді.

Этникалық қазақтар негізінен Алматы (52,3%), Маңғыстау (13,4%) және Түркістан (5,5%) облыстарына, сондай-ақ Нұр-Сұлтан (4,1%) және Алматы қалаларына (5,7%) қоныстанды.

10 айдағы мәлімет бойынша, еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылар саны 55,9%, еңбекке қабілетті жастан кішілер 32,6% және зейнеткерлер 10,5% құрайды», - делінген министрліктің баспасөз ақпаратында.