Биыл 17 бала өрттен көз жұмды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде жыл басынан бері 17 бала өрт салдарынан қаза тапты. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл 17 бала өрттен көз жұмды

«Соңғы 3 жылдың ішінде республика аймағында өрт салдарынан 87 бала қаза тапты. Жыл сайын елімізде балалардың отпен ойнауы салдарынан шамамен 300 өрт орын алады», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.

Оның атап өтуінше, балалар өлім-жітімінің негізгі себебі ата-аналардың оларды қараусыз қалдыруы, ұйықтап қалуы, өрт кезінде дұрыс іс-әрекет жасамауы болып отыр.

«Қабылданған іс-шараларға қарамастан жыл басынан бері өрт салдарынан 17 бала қаза тауып, тағы 17 бала жарақаттанды. Иістен улану салдарынан 5 бала қаза тауып, 84 бала уланып қалды», - деді Бауыржан Сыздықов.

Комитет басшысының айтуынша, балалардың отпен ойнауы салдарынан туындайтын өрттердің алдын алу мақсатында 1 211 интерактивті сабақ өткізіліп, жас құтқарушылар жасақтарымен 19 жарыс ұйымдастырылды. Өрт-техникалық орталықтарға 17 мыңнан астам баланы қамтыған 738 саяхат ұйымдастырылып, 400-ден астам ашық есік күндер өткізілді.