Биыл 17 жасқа толатын 100 000-нан астам жасөспірім әскери есепке алынады

АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - Жергілікті әскери басқару органдары республикамыздың азаматтарын әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді бастады. «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, биыл 1997 жылы туған жасөспірімдер әскер қатарына шақырылу жасына дейінгілердің есебіне алынатын болады.

Биыл 17 жасқа толатын 100 000-нан астам жасөспірім әскери есепке алынады

ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, жасөспірім жігіттер тиісті қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде олардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесін анықтау мақсатында медициналық тексеруден өтеді. Денсаулықтарында елеусіз кемшіліктер анықталған жастарға тиісті емдеу мекемелеріне жолдамалар беріледі. Олар онда әскерге шақырылу жасына дейін денсаулықтарын түзете алады.

Сонымен қатар әскерге шақыру пункттеріне тіркеу барысында жастар арасында әскери оқу орындарында білім алуға ниет білдіргендерге түсіндіру, насихаттау жұмыстары жүргізіледі. Барлығы 2014 жылғы қаңтар мен наурыз аралығында осы жылы 17 жасқа толатын 100000-нан аса Қазақстан Республикасының азаматы тіркеуге жатады.

Бұл іс-шаралар әскери қызметке шақырылу жасына дейінгі жастарды әскер қатарына дайындауға мүмкіндік береді.