Биыл 19 мыңнан астам алматылық ауыз сумен қамтылады
Қала әкімі 2014 жылы Медеу ауданына Алматы облысы Талғар ауданының аумағы қосылғанын еске салды. Бұл – бұрынғы ауылдар, ал қазір қаламыздың шағын аудандары. Осы шағын аудандардың тұрғындарын сапалы сумен және канализациямен қамту өзекті мәселенің бірі. «Былтыр 5,4 км сумен қамту және канализация желісі салынып, реконструкцияланды. 2023 жылы жұмыстар көлемі едәуір ұлғайып, 64,7 км су құбыры және канализация желісін тату жоспарда.Нәтижесінде осы жылдың соңына дейін Көлсай, Кеңсай, Сұлусай, Компот, Мұзтау шағын аудандарының және Халиулин көшесінің, яғни ауданның 19 мыңнан астам тұрғыны сапалы сумен және канализациямен қамтылады. Бұдан басқа, Думан шағын ауданында 14 км су құбыры мен канализация желісін салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде»,- деді Ерболат Досаев.
Сондай-ақ ол былтыр тамыз айында «Каменское плато» шағынауданында су құдығындағы су деңгейін өлшенгенін атап өтті. Ол су құдығы дебетінің 2,5 есе төмендегенін көрсетті. «Осы проблеманы шешу үшін менің тапсырмаммен 4 жаңа су көзін салып, «Балқаш» резервуарлары мен сорғы станциясын толық реконструкциялау жобасы әзірленуде. Бұл Каменское плато, Көлсай, Мұзтау және Юбилейный шағын аудандарын тұрақты сумен қамтуға мүмкіндік береді. 3 млрд 568 млн теңге мөлшерінде қаражат бөлінді, жұмыстар осы жылдың сәуір айында басталып, жыл соңына дейін аяқталады.
«Бұл жұмыстар аяқталғанға дейін «Алматы су» мен аудан әкімдігі осы шағын аудандардың тұрғындарын қосымша тасымалды сумен қамтамасыз ететін болады»,- деді шаһар басшысы.