Биыл 200-ге жуық елді мекен орталықтандырылған ауызсуға қол жеткізеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жыл соңына дейін 5 қала және 192 ауылдық елді мекен орталықтандырылған сумен қамтылады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша халықты сумен қамту қалаларда 98,4%, ауылдық елді мекендерде 94,5% құрады. Жамбыл, Қостанай, СҚО және Ақмола облысында ауыл тұрғындарын сумен қамту көрсеткіші төмен. Ал 6 өңір бойынша қала тұрғындары сумен 100% қамтылған. Олар СҚО, Маңғыстау, Атырау, Жетісу, БҚО және Қызылорда облысы. Биыл жыл соңына дейін 5 қала және 192 ауылдық елді мекен орталықтандырылған суға қол жеткізеді. Ол үшін республикалық бюджеттен 172 млрд теңге қарастырылған», - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, жоғарыда аталған шаруаны іске асырудың нәтижесінде, ауыл халқының 96% ал қала халқының 98,7 % ауызсу мәселесі шешіледі.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін қала және ауыл халқы 100% ауызсумен қамтылуы тиіс. 2023-2025 жылдары су мәселесін шешуге қосымша 525 млрд теңге қаражат қажет», - дейді ол.

Бұған дейін Марат Қарабаев биыл баспананы жалға алып тұруға кезекте тұрған 69 200 азаматқа субсидия берілетіні туралы айтты.

Сонымен қатар ведомство басшысы еліміздегі апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін көтерген еді.


Соңғы жаңалықтар