Биыл 3,2 мың қазақстандық қажылыққа аттанады

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бастаған делегация Сауд Арабиясы Королдігінде (САК) 2019 жылғы қажылық маусымының ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары бойынша екі жақты ресми кездесуге қатысты. Аталған елдің Қажылық және умра министрлігі Қазақстан қажылары үшін 3 200 орын бөлді», - деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Кездесуге бас мүфтиден бөлек, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің өкілі, Қазақстанның Жидда қаласындағы консулдық басшысы және Азаматтық авиация комитетінің Халықаралық қатынастар және әуе тасымалдары басқармасының өкілі қатысты.
Биылғы қажылық маусымы тамыз айына (2019 жылдың 9 тамызынан 14 тамызына дейін) келмек. Сауд Арабиясының талаптарына сәйкес, Жидда мен Мединаға 2019 жылғы 4 шілдеден 5 тамызға дейін және Сауд Арабиясынан кері қарай 2019 жылғы 17 тамыздан 14 қыркүйекке дейін ұшуға болады.