Биыл 45 МВт қуаттылығы бар Ерейментау жел паркінің бірінші кезеңі бойынша құрылыстар басталмақ

АСТАНА. 5 ақпан. ҚазАқпарат - «Самұрық-Энерго» АҚ биыл 45 МВт қуаттылығы бар Ерейментау жел паркінің бірінші кезеңі бойынша құрылысты бастауды жоспарлап отыр.

Биыл 45 МВт қуаттылығы бар Ерейментау жел паркінің бірінші кезеңі бойынша құрылыстар басталмақ

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев мәлім етті.

Оның айтуынша, Ерейментау жел паркі тұрғысында жобалау құжатнамасы келісілген. Ал Алматы облысында Көксу өзенінде 42 МВт қуаттағы шағын ГЭС-тердің, сондай-ақ Шелек дәлізінде 51 МВт қуаттағы жел энергетикасының паркінің құрылыстарын бастау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, ШҚО аумағында қазақстандық-испандық Spain Consulting кәсіпорны Ұлан ауданында (24 МВт) жел стансасының құрылысына кіріспек.

«Жыл соңына дейін Қордай ауданында жел паркінің бірінші кезеңі, Қарақыстақ өзеніндегі және Тасөткел су қоймасында шағын ГЭС-тер пайдалануға берілмек»,-деді министр.