Биыл 452 жол апатын алкогольдік немесе есірткілік масайған күйінде болған жүргізушілер жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 2015 жылдың 9 айында 2014 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 4,5 пайызға төмендеген.

Биыл 452 жол апатын алкогольдік немесе есірткілік масайған күйінде болған жүргізушілер жасады

Еліміздің жолдарында 13 723 жол-көлік оқиғасы болып, онда 19 255 адам зардап шеккен, ал өткен жылдың 8 айында 14 367 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 20 099 адамның денсаулығына зақым келген.

«Жол-көлік оқиғасының салдарынан жарақат алушылардың саны да төмендегені байқалады, яғни биыл 17463 адам жарақат алды. ЖКО салдарынан 3230 кәмелетке толмаған балалар жарақат алып, олардың 178-і қаза тапқан», - деп атап өтілген комитет мәліметінде.

ЖКО-ның 30 пайызы Алматы қаласында орын алып отыр. Үстіміздегі жылы бұл аймақта адамдардың дене жарақатына және кісі өліміне алып келген 4083 ЖКО тіркелген. Апаттылығы аз Солтүстік Қазақстан облысы болып отыр, онда 192 ЖКО орын алған.

Статистика көрсетіп отырғандай, жол апаттарының себептері өзгеріссіз қалып отыр. Бұрынғысынша ЖКО-ның 90 пайызы Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің кінәсінен орын алуда. Мәселен, жүргізушілердің кінәсінен 12 891 жол апаты болса, оның ішінде 452-де жүргізуші алкогольдік немесе есірткілік масайған күйінде болған.

Айта кетейік, «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алулар туралы» ҚР Заңына сәйкес, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет адамдардың қаза болуына немесе жарақаттануына әкеп соққан жол-көлік оқиғаларын ғана есепке алады.