Биыл 5,5 мың алаяқ өз жазасын алды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қараша айындағы деректер бойынша тіркелген алаяқтық әрекеттер саны 18 пайызға азайды. Атап айтқанда, былтыр 32 295 факті орын алса, биыл 26 469 факті тіркеліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері жауапкершілікке 5,6 мыңнан астам алаяқ жауапқа тартылды, 3,5 мыңнан астам іс бойынша тергеу жүргізілуде. Алаяқтық қылмыстарды ашу көрсеткіші 56,3 пайыздан 62 пайызға дейін жақсарды.
Алаяқтық қылмыстар әртүрлі жолдармен, оның ішінде кейін қайтармау мақсатында қарызға ақша алу және орындамайтын келісімшарттар жасасу, жалған несиелер ресімдеу, жалған «ұтыстарға» төлем ретінде ақша аударту және басқа да алаяқтық әрекеттер іске асырылады.
«Алаяқтарға құрбан болмау үшін қымбат тұратын мүлікті (жылжымайтын және жылжымалы мүлік) оп-оңай иеленуді ұсынатын кез келген ақпаратты қайталап тексеру маңызды. Мүлік иелену құқығына қатысты барлық мәселелерде азаматтық, азаматтық-процестік заңнаманың талаптарына сәйкес және нотариаттық құқыққа сәйкес, заңды түрде ресімдеу қажет»,-дейді ведомство өкілдері.