Биыл 5 айда мас күйде болған жүргізушілердің кінәсінен 200 ЖКО орын алды

Еліміздің жолдарында 6038 жол-көлік оқиғасы болып, онда 9045 адам зардап шеккен, оның ішінде 731 адам көз жұмды, ал өткен жылдың осы кезеңінде 6758 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 9384 адамның денсаулығына зақым келген, соның 785-і қаза болды.
ЖКО салдарынан 1514 кәмелетке толмаған бала жарақат алып, олардың 53-інің өмірі қиылды.
Статистикалық көрсеткіштерге қарағанда, жол апаттарының себептері өзгермей тұр. Жалпы, 90 пайыздан артық ЖКО Жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілердің кінәсінен болады. Сонымен, олардың кінәсінен 6219 апат жасалған, оның ішінде 200-і алкогольдік және есірткілік мас күйінде болған жүргізушілердің кінәсінен орын алған.
ЖКО-ның көбісі, яғни 1895 оқиға жылдамдықты арттырудан болды, соның салдарынан 309 адам қаза болып, 2285-і жарақаттанды.
Биылғы жылы қоғамдық көліктің қатысуымен 431 ЖКО орын алып, онда 27 адам қаза болды, 572-сі жарақаттанды.
Айта кетейік, «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет адамдардың өліміне немесе жарақаттануына әкеп соққан жол-көлік оқиғаларын ғана есепке алады.