Биыл 500-ден астам жол-көлік оқиғасында жүргізушілер мас болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 2015 жылдың 10 айында 2014 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы 6,5 пайызға төмендеген.

Биыл 500-ден астам жол-көлік оқиғасында жүргізушілер мас болған

Еліміздің жолдарында 15 643 жол-көлік оқиғасы болып, онда 21 932 адам зардап шекен, ал өткен жылдың 10 айында 16 729 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 23 333 адамның денсаулығына зақым келген. Жол-көлік оқиғасының салдарынан жарақат алушылардың саны да төмендегені байқалады. «ЖКО салдарынан кәмелетке толмаған 3642 бала жарақат алып, олардың 195-і қаза тапқан. ЖКО-ның 30 пайызы Алматы қаласында орын алып отыр. Үстіміздегі жылы бұл аймақта адамдардың дене жарақатына және кісі өліміне алып келген 4712 ЖКО тіркелген. Апаттылығы аз Солтүстік Қазақстан облысы болып отыр, онда 222 ЖКО орын алған», делінген комитет мәліметінде.

Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстары ЖКО саны төмен аймақтарға жатады. Бұған керісінше, Батыс Қазақстан 394 (257) және Шығыс Қазақстан 1329 (1194) облыстарында ЖКО-ның біршама өсуі байқалады. Статистика көрсетіп отырғандай, жол апаттарының себептері өзгеріссіз қалып отыр. Бұрынғысынша ЖКО-ның 90 пайызы Жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілердің кінәсінен орын алуда. Мәселен, жүргізушілердің кінәсінен 14 695 жол апаты болса, оның ішінде 518-інде жүргізушілер алкогольді немесе есірткіге масайған күйінде болған. Айта кетейік, «Мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есепке алулар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет адамдардың қаза болуына немесе жарақаттануына әкеп соққан жол-көлік оқиғаларын ғана есепке алады.