Биыл 63 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары жүргізіледі - ҚТЖ
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2019 жылы Қазақстанда 63 теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының вокзал шаруашылығы жөніндегі директор орынбасары Абай Досанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Магистральдық желі дирекциясы басқаруында 244 теміржол вокзалы және 346 жолаушылар платформасы бар. 2018 жылы 69 вокзалда ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді. Астана-1 теміржол вокзалында барлық эскалаторлар ауыстырылды», - деді А. Досанов.
Оның сөзіне қарағанда, вокзалдарда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз өтуді қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Есту қабілеті нашар тұрғындар үшін анықтама бюросында индукциялық панель, мүгедектер арбасы жаңартылды. Сонымен қатар, аталған нысандар пандустармен, арнайы санитарлық желімен жабдықталды.
«Қазіргі таңда Қарағанды вокзалын қайта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған вокзалдағы жұмыстар өткен жылы жазда басталған еді. Өндірістік жұмыстардың жоспары бойынша жөндеу шаралары биылдың соңына қарай аяқталады. Жалпы, 2019 жылы 63 вокзалда ағымдағы жөндеу жүзеге асатын болады» , - деді Абай Досанов.
Белгілі болғандай, биыл Шымкент вокзалы жөндеу жұмыстарымен қамтылады.