Биыл 7 әкімдік тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі баспаналарының құрылыс қарқынын үдетуі тиіс - Үкімет отырысы
АСТАНА . 14 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақстан өңірлерінің 7 әкімдігі биыл тұрғынүйқұрылысжинақ жүйесі арқылы салынатын баспана бойынша құрылыс қарқынын үдетуі тиіс. Бұл туралы бүгін «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне арналған Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті.
Осы орайда бекітілген кестеден қалыс келе жатқан өңірлер мәселесіне тоқталған министр, салынбаған үйлердің елеулі көлемі Маңғыстау облысына тиесілі екенін жеткізді. Бұл өңірдегі Ақтау қаласында «Аққу» шағын ауданының құрылысы жобалық шешімдердің орындалмауы себебінен тоқтатылған. Осыған байланысты 2011 жылы облыста тұрғын үйлер тиісті деңгейде пайдалануға берілмеді. Бұдан бөлек, тағы 6 өңірдің әкімдіктері биылғы жылы өткен жылдардағы құрылыс қарқынының қалыс қалуынан болған кемшіліктердің орнын толтыру бойынша тиісті шаралар қабылдаулары қажет. Мәселен, Атырау облысында кестеден қалып қою көрсеткіші 82,4 пайыз, БҚО - 98,1 пайыз, Қарағанды облысы - 64 пайыз, Павлодар облысы - 51 пайыз, Астана 67 пайыз және Алматы 62 пайыз деңгейінде. Бұдан бұрын хабарланғандай, Б. Жәмішев Маңғыстау облысынан басқа несиелік баспананы тапсыру бойынша жылдық жоспарды барлық әкімдіктер орындады деген болатын. Алайда, өткен жылдардағы бекітілген кестеден қалып қойған құрылыс қарқынын толығымен қамту мүмкін болмады. Осыны ескере отырып жоспарды орындау 74 пайызды құрады.