Биыл 70-тен астам елордалық түлек «Алтын белгі» үздік аттестатын қорғап шықты
АСТАНА. 14 маусым. ҚазАқпарат - 2012-2013 оқу жылының Ұлттық бірыңғай тестілеуінің алдын ала жасалған қорытындысы бойынша «Алтын белгі» үздік аттестатын 71 түлек қорғап шықты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.
«Биылғы жылы қала бойынша орташа балл - 81,3 болды. Салыстырсақ, 2012 жылы бұл көрсеткіш 78,5 балға тең болған еді. Екі оқушы: №46 мектеп-лицей оқушысы Александр Шалагаева мен №54 мектеп-лицей оқушысы Лаура Жауханова 123 балл жинады. 100-ден 122 балға дейін 629 оқушы жинады. Қажетті өту балын 167 түлек еңсере алмады. Немесе ол 5,4%»,- деп мәлімдейді қала әкімдігінен.
ҰБТ-ға барлығы 3637 түлектің 3073-і қатысты. Бұл барлық түлектер санының 84,5%-ы. Мемлекеттік емтихан түріндегі дәстүрлі қорытынды аттестаттаудан өткендер саны- 564 немесе 15,5%. Оның ішінде 218 қатысушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауының жеңімпаздары, сондай-ақ, алыс-жақын шетелдерде білім алу орындарына оқуға тапсыратындар. Астананың ресми сайтының жазуынша, елорда мектептерінің ішінде ең жоғары көрсеткіш көрсеткен №9 «Зерде» дарынды балаларға арналған мектеп түлектері. Аталған мектеп түлектерінің орташа балы - 116,09.