Биыл 72 мың қазақстандық газға қол жеткізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл 72 мың қазақстандық табиғи газға қол жеткізеді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
Министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде Қ. Бозымбаев, елді газбен қамтамасыз ету жұмысы кезең-кезеңмен жүзеге асып жатқандығын атап өтті. Бүгінгі таңда 8 миллион адамның үйі газға қосылған. Бұл - Қазақстан xалқының 46,3 пайызы.
Былтыр Батыс Қазақстан, Қостанай, Жамбыл, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы 50 елдімекенге газ жүргізілді.
«2017 жылы тағы 8 елдімекенді газдандыру жоспарланған. Бұл шамамен 72 мың тұрғын. Биыл тұңғыш рет Талдықорған қаласына газ тартылады», - деді министр.