Биыл Ақмола облысында 10 индустриялық жоба іске қосылады

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Индустрияландыру картасы шеңберінде жобаларды іске асыру дәстүрлі аграрлық бағыттан агро-индустриялық бағытқа біртіндеп көшуге мүмкіндік берді. Ақмола облысында өңдеу өнеркәсібінің үлесі өңір экономикасының 25 пайызын құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Биыл Ақмола облысында 10 индустриялық жоба іске қосылады

Биыл өңірде кәсіпкерлікті қолдау Картасы аясында 1,9 мың жұмыс орнын құра отырып, 144,8 миллиард теңгеге 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Олардың ішінде Бурабай ауданындағы жылдық қуаты 5 миллион тонна алтын өндіру фабрикасы, жылдық қуаты 25 мың тонна болатын Макинск құс фабрикасының үшінші кезеңі сияқты бірқатар ірі жобалар бар.

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Ербол Оспановтың айтуынша, экономикалық белсенділіктің драйвері инвестициялардың өсуі болып табылады.

«2010 жылдан бастап іске қосылған ИИДМБ жобаларының арқасында темірбетон құбырлар, сфералық подшипниктер, сирек кездесетін металдар, кешенді биотыңайтқыштар, алкогольсіз сусындар, биг-бэг типті қаптар, цемент, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника тәрізді бұрын облыс аумағында шығарылмаған жаңа өнімдердің өндірісі жолға қойылды» - деп атап өтті Ербол Оспанов.

Айта кетсек, өткен жылы өңірде Индустрияландыру картасы аясында жалпы инвестиция көлемі 790,1 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылып, 564 жаңа жұмыс орны құрылды.

Олардың қатарында жылдық қуаты 5 миллион тонна кен өңдейтін алтын өндіру фабрикасы, жылдық қуаты 6 мың тоннаны құрайтын құс фабрикасы, жылдық қуаты 30 миллион дана керамикалық кірпіш шығаратын зауыт, қуаты 25 МВт және 7 МВт болатын 2 жел электр станциясы, жылдық қуаты 700 бірлік трактор құрастыратын зауыт, картоп өңдеу фабрикасы, шұжық өнімдерін өндіру кешені, бие сүтін қайта өңдеу кешені және қымыз дайындау сияқты жобалар бар.

Бағдарламаны іске асыру басталғаннан бері кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде іске қосылған кәсіпорындар 2021 жылы өндірілген өнеркәсіптік өнімнің жалпы көлемінің 55,1 пайызын өндірді.

Айта кетсек, жалпы, облыста 2010 жылдан бастап 428,8 миллиард теңгеге 110 астам жоба жүзеге асырылды.