Биыл Ақмола облысында 15 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Биылғы жылы Ақмола облысында 15 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады. Бұл туралы өңірлік білім қызметкерлерінің тамыз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Ақмола облысында 15 мыңнан астам бала мектеп табалдырығын аттайды

Шарада облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Валерий Гамазов атап өткендей биылғы жылы облыс бойынша барлығы 115 мың оқушы мектепке барады. Оның  15 482-сі тұңғыш рет бірінші сыныпқа баратын балалар.

Валерий Гамазовтың айтуынша, облыстық білім басқармасы ел Президентінің алға қойған міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырып, жас ұрпаққа сапалы білім беру жолында жаңа серпінді рухта жүйелі жұмыс атқарып келеді.

«Облыста 18 білім нысанының құрылысы және қалпына келтіру жұмыстары басталды. Оның ішінде 7-уі мектеп. Ағымдағы жылы оның 2-уі пайдалануға беріледі. Оған қоса, білім беру нысандарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1,4 миллиард теңгеден астам қаражы бөлінді. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны нығайтуда қолға алынған. Мәселен, 1,1 миллиард теңгеден астам қаржыға оқулық сатып алынды. 460 миллион теңгеден астам қаржыға мультимедиялық және жаңа үлгідегі оқу кабинеттері мен жабдықтар сатып алынды», деді басқарма басшысы.

Шара барысында білім саласындағы түйткілді мәселелер талқыланып, алдағы 2017-2018 оқу жылының міндеттері белгіленді.

Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова педагогтар қауымын құттықтай келе, келешек жастарды отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеуге бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне тоқталды.  

«Бұл бағдарламаның негізі туған ауыл, қала, өлкеге, оның тарихы мен мәдениетіне деген махаббаттан тұрады», - деді А.Мысырәлімова өз сөзінде.

Конференция соңында облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова   білім беру саласында жақсы жетістіктерге қол жеткізген мұғалімдер мен оқу орындарының басшылары, балабақша тәрбиешілері  облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады. Сондай-ақ,  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілі, заң қызметі және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Нұрсейіт Байжанов бірқатар ұстаздарға Ы.Алтынсарин және «Білім беру ісінің үздігі» төсбелгілерін тапсырды. Соңғы жылдары облыстық білім басқармасы «Білім саласының үздік ұйымы»   атты облыстық байқауын дәстүрлі ұйымдастырып келеді.  Биылғы жылы байқауға 13 ұйымнан өтініштер келіп түскен. Солардың арасында байқау жеңімпазы атанған Көкшетау қаласындағы  №5 «Таңдау» мектеп-гимназиясы үздік деп танылып, 19 567 200 теңгеге ақшалай арнайы сертификат тапсырылды. Сонымен қатар, Астана қаласындағы №2 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының ұжымы республикалық «Білім саласының ең үздік мамандандырылған білім мекемесі» байқауында жүлделі 3 орыннан көрініп, арнайы сыйлыққа ие болды.
null 
null 
null