Биыл Ақтау портының өткізу қуаты 1 млн. тоннаға дейін артады - А. Жұмағалиев
АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Биыл Ақтау портының өткізу қуаты бұрынғыға қосымша 1 млн. тоннаға дейін өседі.
Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өтіп жатқан Үкімет сағатында Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.
Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр Ақтау порты арқылы 11 млн. тонна мұнай және басқа да жүктер тасымалданған. Бұл өндіріс жоспарын 105 пайызға арттырды. Ал порт клиенттеріне көрсетілетін қызметтің басым бөлігі автоматтандырылған. Нәтижесінде құжаттарды рәсімдеу уақыты алты сағаттан 45 минутқа дейін қысқарған.
«Биылғы жылы порттың өндірістік үдерістерін автоматтандыру жұмыстары аяқталатын болады. Нәтижесінде жүктерді жөнелту мен өңдеу мерзімдері 29 пайызға азайтылып, өндіріс қуаты 1 млн. тоннаға арта түседі», - дейді министр.
Бұдан бөлек, Елбасының тапсырмасына сәйкес Ақтау портын одан әрі дамыту, кеңейту жұмыстары жалғасады. «Порттың өткізу қабілетін 2,5 млн. тоннаға ұлғайту үшін қосымша үш құрғақ жүк терминалын салу жоспарлануда», деді А. Жұмағалиев.