Биыл әлемдік экономикалық өсім көлемі 1-2 пайызға қысқаруы мүмкін - К. Мәсімов
АСТАНА. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспанәлиев/ - «Биыл халықаралық валюта қоры әлемдік экономиканың 2009 жылғы дамуы жөніндегі болжамды екі рет төмендетті.
Бүкіл әлемдік банк таяуда ғана жаһандық экономиканың даму бағамын жариялады. Оның болжамына сәйкес биыл әлемдік экономикалық өсім көлемі 1-2 пайызға қысқаруы мүмкін», - деді бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов. Бұл туралы ол Парламент Сенатының жалпы отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Үкімет басшысының сөзіне қарағанда, дамыған ірі елдердегі теріс өсім 3-3,5 пайыз болады деген болжам бар. «Қазақстанның да даму қарқыны біршама төмендеп кетті. Алдын ала деректерге қарағанда, биылғы қаңтарда жалпы ішкі өнім 3,2 пайызға қысқарды. Өнеркәсіп өндірісі 2 айда 3,2 пайызға кеміп, құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5 пайызға азайды. Қаңтар айының көрсеткіштері бойынша жұмыссыздық 6,9 пайыз болса, ақпанда ол 7,1 пайызға жетті. Көпшілікке мәлім, қазір Үкімет 2007 жылдың соңы мен 2008 жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда. Бізге бірінші кезекте банк секторындағы жағдайды тұрақтандыру керек. Өйткені ол экономиканың күретамыры», - деді Үкімет басшысы.