Биыл әлемдік экономиканың өсуі 3,7 пайыз деңгейінде болады деп күтілуде - Е. Досаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық Валюта қорының болжамы бойынша былтырғы жылы әлемдік экономиканың өсімі 3 пайызды құрады. Ал ағымдағы жылы әлемдік экономиканың анағұрлым жоғары 3,7 пайыздық деңгейінде өсім күтіледі. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.
Министрдің айтуынша, әлемдік экономиканың неғұрлым жоғары дамуына дамыған елдердегі экономикалық өсудің қалпына келуі әсер ететін болады.
«АҚШ экономикасының өсімі 2013 жылғы 1,9 пайызға қарағанда, 2014 жылы 2,8 пайыздық деңгейінде болжанады. Еуро аймақ экспорт көлемінің артуы және тұтынушылық сұраныстың қалпына келуі нәтижесінде рецессиядан өтеді. Екі жылғы құлдыраудан кейін алғаш рет 1 пайыздық өсу күтіледі», - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, дамушы экономикаларда өсу қарқының баяулауы күтіледі. Мәселен, Қытай экономиканың өсуі 2013 жылы 7,7 пайыз болған болса, 2014 жылы 7,5 пайыз деңгейінде күтіледі. Ал Ресей экономикасы 2013 жылғы 1,3 пайыздық құлдыраудан кейін 2 пайызға дейін ұлғаяды.
«Қазақстан экономикасының одан әрі өсуі ең алдымен негізгі қорларды технологиялық жаңғыртуға, еңбек өнімділігін арттыруға, адами капитал мен институционалдық ортаның сапасына негізделуі тиіс», - дейді Е. Досаев.