Биыл Алматы балабақшаларында 122 бала, мектептерде 3869 оқушы коронавирус жұқтырған
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жыл басынан бері балабақшаларда 122 бала ковидпен ауырды. Бұл туралы Алматы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, балабақшаларда ауру жұқтырған балалар анықталған топтарда екі апталық карантин жарияланып, барлық қажетті шаралар қабылданды.
«Сонымен қатар, оқу жылының 1 жартыжылдығындағы мониторингі бойынша 3 869 оқушы ковидпен ауырды, оның ішінде 2 376 оқушы офлайн, 1 493 оқушы онлайн оқыған. Осыған байланысты мектептерде қажетті шаралар қабылданып, ауырған оқушылар қашықтықтан оқытуға көшірілді», - деп атап өтті білім басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі ұйымдардағыдай, мектептерде де санитариялық талаптардың сақталуына тұрақты бақылау жүзеге асырылады. Барлық мектептер «Ashyq» жобасына қосылған, сондай-ақ рециркуляторлармен және жуу, дезинфекциялау және антисептикалық құралдардың қажетті мөлшерде қамтамасыз етілген.