Биыл Алматы қаласы мен Алматы облысында 36 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Биыл жыл соңына дейін Алматы қаласы мен Алматы облысында 36 тұрғын үй кешені пайдалануға берілмек.

Биыл Алматы қаласы мен Алматы облысында 36 тұрғын үй кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр
Бұл жайлы бүгін Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Алматыдағы жұмыс сапары аясында қалалық әкімдікте өткен алқалы жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Алматыда бірінші тоқсанда -3, екінші тоқсанда - 11, үшінші тоқсанда - 13, төртінші тоқсанда 2 кешен пайдалануға беріледі. Бұлардағы үлескерлердің саны - 4277. Ал Алматы облысында жыл соңына дейін барлығы 7 кешен пайдалануға берілмек. Оларда 1456 үлескер бар», дейді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев. Оның айтуынша, Индустрия және сауда министрлігімен бірге апта сайын бұл тұрғын үй кешендеріндегі атқарылған жұмысқа мониторинг жүргізіледі. Әйтсе де құрылыс өндірісінде айта қаларлықтай ілгерілеушіліктің болмауы оларды қатты алаңдатып отыр. Оған әкімдердің осы іске жауапты орынбасарлары да еш түсінік бере алмауда.