Биыл «Алматы-Қорғас» автомобиль жолы арасында өткізу пункті ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Алматы-Қорғас» автокөлік жолы арасындағы «Нұр жолы» өткізу пунктінің құрылысы биылғы маусымда аяқталатын болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Биыл «Алматы-Қорғас» автомобиль жолы арасында өткізу пункті ашылады

Жаңа өткізу пункті туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министі Жеңіс Қасымбек айтып берді. «Алматы-Қорғас» автокөлік жолы учаскесінде (Батыс Еуропа - Батыс Қытай) «Нұр жолы» өткізу пунктін салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының жалпы құны 98,2 млрд теңге.

«2017 жылдың 26 желтоқсанында Қаржы министрлігі мен «Evrotranzit Terminal» ЖШС арасында «Алматы-Қорғас» автожолы учаскесінде өткізу пунктін салу мен пайдалану жөніндегі мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартына қол қойылды. Құрылыс биыл екініші тоқсанында аяқталады», - деді министр.

Жеңіс Қасымбектің айтуына қарағанда, «Нұр жолы» 2026 жылға дейін пайдаланылмақ. Жаңа өткізу пункті Қазақстан мен Қытай арасындағы шекарада автокөлік өткізу қабілетін тәулігіне 2500-ге дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді.