Биыл Алматы облысында МЖӘ негізінде 11 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Биыл Алматы облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 11 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жалпы құны 20 млрд. теңгені құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін бұл жөнінде Алматы облысының әкімдігінде өткен жиында мәлім болды. Семинар барысында облыс әкімінің міндетін атқарушы Лаззат Тұрлашов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыста МЖӘ дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Мәселен, биылғы жылы 20 млрд. теңгеге 11 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. 2018 жылы құны 36,6 млрд. теңге болатын 47 жоба қолға алынады. Атап айтқанда, 37 балабақша, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтайтын 9 полигон, 1 музей.

«Мемлекет басшысы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында МЖӘ мемлекет пен бизнестің басты жалпыұлттық міндеттерді қалай бірлесіп шешетінінің айғағы ретінде атап көрсеткен еді. Сондықтан біз бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеуге тырысудамыз. Ол үшін инвестор тарту жұмысы белсенді жүргізілуде. Жалпы 2020 жылға дейін Алматы облысында мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде құны 56,6 млрд. теңге болатын 66 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр», - деді Л. Тұрлашов.

Семинарға Алматы облысы мен Алматы қаласы әкімдіктерінің өкілдері, Ұлттық экономика министрлігінің Бюджеттік инвестиция және МЖӘ дамыту департаментінің директоры қатысты.

«Біз Алматы облысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберіндегі жобаларды жүзеге асыруда көшбасшылардың бірі деп есептейміз», - деп атап өтті «Қазақстандық мемлекеттік жекешелік әріптестік орталығы» АҚ төрағасының орынбасары Ғалымбек Мамраев Талдықорған қаласында ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп өткізген көшпелі семинар кезінде сөйлеген сөзінде.

Басқосу барысында кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың алдынан шыққан алғашқы кездердегі проблемалық мәселелер талқыланды. Сонымен қатар семинарды ұйымдастырушылар қойылған сауалдарға толыққанды жауап берді.

Соңғы жаңалықтар