Биыл Алматы облысында жел энергетикасына қатысты екі жобаны жүзеге асыру күтіледі
АСТАНА. Наурыздың 15-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Биыл Алматы облысында жел энергетикасына қатысты екі жобаны жүзеге асыру күтіледі.
Бүгін «Қазақстанның Еуропа елдерімен сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективалары» атты тақырыпта өткен конференция барысында Мұнай және газ вице-министрі (бұрынғы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі) Әсет Мағауов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Былтыр Қазақстан «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы» заңды қабылдаған болатын. Бұған сәйкес, шетелдік мемлекеттердің тәжірибесі бойынша нормативтік-құқықтық актілер базасы әзірленуде. Сонымен бірге, биыл жел энергетикасына қатысты Алматы облысында екі жоба жүзеге асатыны күтіледі, оның ішінде Жоңғар қақпасында 50 мГВт қуатын құрайтын жоба да қарастырылады», деді вице-министр.
Оның айтуынша, балама энергия көздерін дамыту жобаларын қаржыландыру мемлекеттік бюджеттен қарастырылмайды, инвесторлардың қаражатын тартудың басқа жолдары көзделеді. Сонымен бірге, заң бойынша бұндай нысандарды қаржыландыруға бағытталған инвестициялық преференциялар да қамтылады.
«Энергетикалық тиімділік пен энергияны үнемдеу және жаңартылатын энергия көздері саласында Қазақстанның ЕО елдерімен ықпалдастығы экологиялық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды болып табылады», деді Ә. Мағауов.