Биыл Алматыда 86 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ
Инвесторлар ең көп қаражатты жылжымайтын мүлікке, көлік, өнеркәсіп және қаржы-сақтандыру қызметіне салады. Инвестиция көлемі бойынша Алматы Атырау облысынан кейін екінші орында тұр. Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин мәлім етті.
Оның айтуынша, карантиннің шектеу шараларына қарамастан, 1-тоқсанның қорытындысы бойынша инвестиция көлемі 34,5% өсіммен 191 млрд теңгеге жетті.
Инвестициялар үш кіріс көзінен тартылды, олардың негізгі үлесі кәсіпорындардың меншік иелеріне тиесілі – 68,8%, ал бұл 131,5 млрд теңге, қарыз қаражаты - 17,4% - 33,1 млрд теңге және мемлекеттік бюджет-13,8% (26,4 млрд теңге).
«Ивесторлар 5 салаға ең көп сенім артып, қаржы құяды. Атап айтар болсам, жылжымайтын мүлік – 82,9 млрд теңге, көлік және қоймада сақтау – 25,6 млрд теңге, өнеркәсіп – 15,1 млрд теңге, қаржылай және сақтандыру қызметі – 14,7 млрд теңге және ақпарат және байланыс – 8,1 млрд теңге», - дейді ол.
Еркебұлан Оразалин 2021 жылға арналған жоспарлар туралы айтты. Алдағы уақытта 9,5 мың адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы 362,1 млрд теңге сомасына 86 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.
«Алматыда «Демеу қоры» АҚ 18 млрд.теңге сомасына балет театрының құрылысы басталады.10 млрд теңге жұмсалып, Jetisy көпфункционалды қонақ үй кешені салынады және «Алмалы» сауда орталығы 7 млрд теңгеге қайта жаңғыртылады», - деп атап өтті Еркебұлан Оразалин.
Алматыға инвестиция салу тиімді, өйткені қалада бизнеске қолайлы жағдайлар жасалған. Қала экономикасына қаржы құятын кәсіпкерлерге мемлекеттік органдар тарапынан қолдау көрсетіледі.