Биыл Алматыда алғаш рет қазақ тілді шәкірттердің орташа көрсеткіштері орыс мектебіне қарағанда 2 баллға жоғары болды

АЛМАТЫ. 22 қыркүйек. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Мектеп - тіл болашағының басты буыны. Оны Алмаы қаласының әкімі Ахметжан Есімов бүгін "Ана тілім - ардағым" деп аталатын фестивальде айтты.
None
None

"Бүгінгі таңда Алматы қаласында таза қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны 50-ге жетті. Осыдан 20 жыл бұрын - 7 мектеп, 30 жыл бұрын - 1 мектеп қана болатын. Соңғы 3 жылдың ішінде 10-ға жуық қазақ мектептері ашылды. Оның барлығы жаңадан салынған, типтік жобадағы ғимараттар. Таяу жылдары тағы да 7 қазақ мектебі шаңырақ көтереді. Аралас мектептерді жеке бөліп шығару да жоспары бар", - деді А. Есімов.

Қала басшысының айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын Алматыда қазақ мектептерінде оқитын балалардың саны 8 мыңдай ғана болса, биылғы оқу жылында олардың саны 70 мыңнан асты. Яғни, олар 9 есеге жуық өсті. Қазақ тілінде білім беру сандық жағынан ғана емес, сапалық жағынан да жетіліп келеді. Биыл "Алтын белгі" алған түлектердің 70 пайыздайы қазақ мектептерін тәмамдаған. Халықаралық олимпиадаларда жүлделі орын алып, өз білімдерін әлемдік дәрежеде танытып жүргендердің 73 пайыз қазақ мектебінің оқушылары. Ахметжан Смағұлының сөзіне қарағанда, биылғы Бірыңғай ұлттық тестілеу бойынша Алматыда орташа көрсеткіш 87 балл болды. Бірінші рет қазақ тілді шәкірттердің орташа көрсеткіштері орыс мектебіне қарағанда 2 баллға жоғары болды. "Бұдан бір кездері қалыптасқан қазақ мектептерінің білім деңгейі төмен деген қағиданың бүгінгі таңда өзгеруін көруге болады. Ол ары қарай да жүре береді деп ойлаймын. Қазақ мектептерінде өзге ұлт өкілдерінің 1533 балалалары қазақша тәлім-тәрбие алуда. Бұл барынша қолдап, үлгі-өнеге етіп көрсететін құбылыс", - дейді А. Есімов.

Соңғы жаңалықтар