Биыл алты ай ішінде төтенше жағдай болған аймақтардан 590 адамның денесі шығарылды – ТЖМ
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл жарты жылда «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне 3 миллионнан астам қоңырау түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Биыл 6 айда республика бойынша «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі пультіне халықтан 3 249 259 қоңырау түсті. Шақырулар бойынша өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бөлімшелері және Республикалық жедел-құтқару жасағы 5 188 (оның ішінде Түркияда - 7) адамды құтқарып, 6 188 тұрғынды эвакуациялады. Зардап шеккен 131 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді, төтенше жағдай орындарынан 590 (оның ішінде Түркияда - 88) адамның денесін шығарды, 38 687 рет дабыл бойынша шықты, оның ішінде өрт - 5 556, авариялық-құтқару жұмыстары - 7 556, өрт ретінде есепке алынбайтын жану - 21 927, көрінеу жалған шақырту - 115, расталмаған жану фактілері - 1 537, басқалары - 1 578», - делінген министрліктің сайтында жарияланған жарты жыл ішіндегі жұмыстардың есебінде.
Ведомство қарамағындағы «Апаттар медицинасы орталығы» зардап шеккен 2 418 тұрғынға медициналық көмек көрсеткен. Сонымен қатар орталық мамандары 1 744 адамды құтқарып, 834 қазақстандықты эвакуацияланған.
«Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемелері іздеу-құтқару жұмыстарына, өрттерді сөндіруге қатысу, жеке құрамды жеткізуге және басқа тапсырыстар бойынша 1 195 рет ұшты. Оның ішінде санитариялық авиация желісі бойынша 171 науқас тасымалданды», - делінген ТЖМ-нің есебінде.