Биыл Астана қаласы әкімінің білім гранттарын 40 жас иемденді
Гранттарды салтанатты түрде қала әкімінің орынбасары Аида Балаева тапсырды.
Оның мәлім еткеніндей, Астана әкімінің гранттары әлеуметтік қолдауды қажет ететін, яғни тұл жетімдерге, мүгедектерге, балалар үйлерінің түлектеріне, көпбалалы отбасынан шыққан және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 2004 жылдан бастап беріліп келеді.
«Білім гранттары экономиканың ең керекті салалары әсіресе, білім, медицина және техникалық мамандықтарға берілді. Әкімнің гранты бойынша бүгінгі күні 123 бала білім алып жатыр, оның 19-ы оқуларын биыл аяқтады», - деп атап өтті ол.
Биылғы жылы, қалада жұмыс істеп тұрған бес жоғары оқу орнында атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Қазақ мемлекеттік медицина академиясы мен Қазақ гуманитарлық заң университетінде тегін білім алу мүмкіндіктеріне 40 бала ие болды. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 36,4 миллион теңге қаражат бөлінді.