Биыл Астана кәсіпкерлер палатасы бизнестің 730 млн. теңге бойынша құқығын қорғады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының кәсіпкерлер Палатасы елордалық бизнес-қауымдастық алдында жыл қорытындысын баяндап есептік кездесуін өткізді. Ауқымды іс-шарада жүздеген астаналық кәсіпкерлер бас қосты.
Жүздесуде Астана қаласы кәсіпкерлер Палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов кәсіпкерлер құқығын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және елордада кәсіпкерлікті жандандыру мен дамыту бағыттары бойынша Палатының жыл бойғы атқарған қызметін қорытындылап толыққанды есеп берді. Сондай-ақ, іс-шара аясында Елбасы жолдауының шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған негізгі қағидалары талқыланып, кәсіпкерлердің өзекті мәселелері ортаға салынды. Жалпы, жыл қорытындысы бойынша астана қалалық әксіпкерлер палатасы әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлер құқығын қорғау, жобаларды қолдау, кәсіпкерлерге қаржылық емес көмек көрсету және адами капиталды дамыту сынды бірнеше басым бағыттар бойынша ауқымды нәтижелерге қол жеткізді. Есепті кезеңде кәсіпкерлерден түскен шағымдардың 326-сы құқықтық сұрақтар болса, олардың 163-і яғни 50% кәсіпкерлердің пайдасына оң шешім тапқан. Келіп түскен арыз-шағымдардың басым көпшілігі салық органдарына, мемлекеттік мекемелер мен құзырлы органдарға және сатып алу саласындағы квазимемлекеттік секторлар тарапына бағытталған. «Тұтастай алғанда, ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша 730 млн. теңге сомасын құрайтын кәсіпкерлер құқығы қорғалған. «Жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері кәсіпкерлерге 2 505 қызмет ұсынылып, 1554 шағын және орта бизнес нысандарына қолдау көрсетілген. Соның ішінде 68 бизнес-жоспар және маркетингтік стратегия, 352 салық және статистикалық есеп айырысу, 37 компания менеджмент жүйесіне оқытудан өтсе, 563-не құқықтық кеңес берілген, сондай-ақ 112 веб-сайт және ғаламтор парақшасы жасалып, 53 компания сатып алу жүйесінің электрондық базасына қосылды», - делінген баспасөз баянында. Сыртқы экономикалық қызметті нығайту барысында Палата Чехия, Венгрия, Жапония, Австрия, Польша, Хорватия, Германия, БАЭ, Украина, Ресей, Түркия мемлекеттерінің іскерлік делегацияларының қатысуымен 18 бизнес форум ұйымдастырды. Халықаралық делегациялардың қатысуымен Венгрия, Португалия, Қытай, Ресей, Бахрейн, Түркия, Италия, Латвия елдеріне 16 шетелдік бизнес-миссия жүзеге асып, оған 130 елордалық кәсіпорын қатысқан. Сондай-ақ, елордаға инвестиция тарту нәтижесінде жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, инновация саласында 7 бірлескен кәсіпорын құрылды. Барлығы 29 млн. АҚШ долларын құрайтын 60 келісім шартқа қол қойылған. «Палата қызметінің келер жылдық стратегиялық жоспары бизнес қауымдастығының ұсынған көкейкесті пікірлерін ескере отырып, құрылмақ. Бұл құзырлы органдармен кәсіпкерлер арасындағы келелі мәселелердің шешуін табатын жаңа, әрі оңтайлы әдіс. Біздің басты және бұлжымас талабымыз - ашықтық, әрі қолжетімділік. Сондықтан, біз әрдайым кәсіпкерлермен кері байланыс орнатып, сөзден іске көшу қағидасын ұстанамыз», - деді сөз соңында Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов.