Биыл Астана күнін қазақстандықтар үшкүндік демалыспен атап өтетін болады
АНА. Маусымның 25-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Биыл Астана күні мерекесіне орай қазақстандықтар үш күн, яғни шілденің 4,5 және 6-сы күндері демалатын болады.
Бұл туралы бүгін елорданың 11 жылдығын атап өтуге арналған баспасөз мәслихатында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасының шілденің 6-сы - Астана күнін мемлекеттік деңгейде атап өту ұсынысына сәйкес, Мәжіліс депутаттары өткен жылғы маусымның 18-і күні «Қазақстан Республикасының мерекелер туралы заңына» өзгерістер енгізіп, оны бірауыздан қолдаған болатын. Осыған орай биыл қазақстандықтар үш күн демалатын болады.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында И.Тасмағамбетов мереке күндері өтетін іс-шараларға да егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Астана күні мерекесінің салтанатты ашылуы шілденің 4-і күні «Атамекен» мемориалы аумағында басталады. Онда Президент Н. Назарбаев Мемлекеттік жалауды көкке көтеріп, әскери қызметшілерге әскери шендерді тапсырады. Негізгі шаралар өтетін шілденің 4-6 күндері барлығы 36 мерекелік бағдарлама назарға ұсынылатын болады.
Ал Астананың 10 жылдығымен негізі қаланған этно-музыкалық «Астана-арқауы», көшпенділер өркениеті «Астана - мыңжылдықтар арқауында» және «Өзен әуені» классикалық музыка фестивальдарын биыл да өткізіп, алдағы жылдары оны дәстүрге айналдыру жоспарланып отыр.
Сонымен бірге Қазақстанды әлемге таныстыру мақсатында биыл Астанаға есімі төрткүл дүниеге танымал опера әншісі, тенор Пласидо Доминго, ресейлік әншілер Игорь Крутой мен Лайма Вайкуле және франциялық әнші Лара Фабиан шақырылып отыр. «Бұған дейін шетелдік қонақтар 3-5 ән айтумен ғана шектелсе, П.Доминго Тәуелсіздік сарайында қазақстандықтар үшін 2 сағаттан астам уақыт бойы ән шырқайтын болады», - деп атап көрсетті әкім.
Қала басшысының айтуынша, қазақстандық және шетелдік әншілердің қатысуымен өтетін концерттерге кіру билеттерінің құны сол концертті ұйымдастыруға кеткен шығындардың орнын толтыру есебімен белгіленді. Ақылы іс-шаралардан бөлек жаппай көруге арналған көптеген басқа да көрсетілімдер бар. Оның үстіне шаралардың басым бөлігін телеарналарда тікелей эфирден тамашалауға болады.