Биыл Астана мектептерін 4407 түлек тәмамдайды - Э.Суханбердиева

АСТАНА. ҚазАқпарат - 25 мамыр күні елорданың барлық мектептерінде «соңғы қоңырау» соғылады. Биыл 4407 түлек аттестат иеленіп, үлкен өмір жолына қадам баспақ. Бұл туралы Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева хабарлады.

Биыл Астана мектептерін 4407 түлек тәмамдайды - Э.Суханбердиева

«Биыл елорда мектептерін 4407 түлек тәмамдайды, олардың 3554-і Бірыңғай ұлттық тестілеу тапсырады. 180 мектеп бітіруші «Алтын белгіге» үміткер. Сынақ 2-6 маусым аралығында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-інде, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ және ҚазМӘУ-інде өтеді», - деді Эльмира Суханбердиева.

Атап өту керек, түлектердің тестілеу алдындағы психологиялық қысымға төтеп берулері үшін елорда мектептерінде психологтардың қатысуымен арнайы тренингтер өткізілді.

Еске сала кетейік, оқу жылының басында Астанада алты жаңа мектеп ашылған еді. Жыл соңына дейін 5075 орындық тағы бес мектеп ашу жоспарланған, сонымен қатар қазір 2440 орындық 10 мектепке дейінгі тәрбие мекемесінің құрылысы жүріп жатыр.