Биыл Астана тұрғын үйлеріндегі 44 лифттің жарамдық мерзімі аяқталады - ТЖД

АСТАНА. 11 қаңтар. ҚазАқпарат - Елорда тұрғын үйлеріндегі 55 жедел саты ауыстыруды, ал 24-і күрделі жөндеуді қажетсінеді, деп хабарлады Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Биыл Астана тұрғын үйлеріндегі 44 лифттің жарамдық мерзімі аяқталады - ТЖД

«Қазіргі кезде тұрғын үй секторларындағы 55 лифт ауыстыруды, ал 24-і күрделі жөндеуді немесе жаңартуды қажет етеді. Бұдан басқа нормативтік қызмет мерзімі аяқталған жедел сатылар санының да артуы байқалады», - делінген хабарламада.

Мәселен, ағымдағы жылы тұрғын үй секторларында 44 жедел сатының нормативті қызмет мерзімі аяқталады. Ал олардың ары қарай қолдануға болатындығын немесе ауыстыру керектігін анықтау үшін техникалық диагностика жасау қажет.

Жалпы елордада жедел саты саны жыл сайын көбейіп келеді. Мысалы, 2006 жылы қаңтар айында департаментте тіркелген жеделсаты саны 727-і болса, бүгінгі күні 3943 лифт және 196 эскалатор тіркелген. Яғни 7 жылға жуық мерзімнің ішінде олардың саны 5,6 есеге артып отыр.