Биыл Астанада 1-сыныпқа баратын оқушылар саны рекордқа жетпек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астаналық мектептердің 5 мың түлегінің орнына жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа шамамен 22 мың оқушы келеді, деп хабарлады қала әкімдігінің медиа орталығы .
None
None

Қалалық білім беру басшысының міндетін атқарушы Ануар Жанғозиннің, сөзіне қарағанда, өткен оқу жылы Астананың мектептерінде 9 588 орынға жетіспеушілік байқалған, биыл бұл көрсеткіш 17 мыңды құрауы мүмкін.

«1-сыныпқа келетін оқушылардың саны күрт өсуіне (болжам бойынша 22 мың оқушы) және көші-қон мәселесіне (4 500 оқушы) байланысты 2017-2018 оқу жылында болжам бойынша 17 мың орынға жетіспеушілік сезілуі мүмкін», - деді А. Жанғозин.

Оған қоса Астана әкімдігімен мектептер мен бақшаларда орын жетіспеушілігі мәселесі кешенді түрде шешілуде. Осылайша 2017-2018 оқу жылы 2 600 орынға шақталған жапсарлас салынған  5 мектепті пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ елордада жыл сайын кем дегенде 10 жаңа мектеп салынатын болады.

«6 мектептің құрылысы басталды, жыл соңына дейін 4 білім ордасын салу жоспарлануда. Жалпы алғанда 11 мың орынға арналған 10 мектеп салынады, ол 2018-2019 жылдары пайдалануға беріледі. Оған қоса 13 мектептің жобасын іске асыру бойынша жұмыс басталып кетті. Біздің жоспарымыз - жыл сайын 13-14 мектепті пайдалануға беру», - деді А. Жанғозин.

Қазіргі таңда елордада 95 жалпы білім беретін мектеп ордасы бар, онда 130 542 оқушы білім алады. Сонымен бірге балалардың көбісі мемлекеттік мектептерге барады. 84 білім ордасында 127 мыңға жуық оқушы білім алады. 11 жеке мектепте 3 625 оқушы оқиды. Орын жетіспеушілік қаланың 27 мектебінде сақталды (3 мектепте сабақ үш ауысыммен өткен). 

 

Соңғы жаңалықтар