Биыл Астанада 10 шақырымнан артық веложол пайдалануға беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада велосипедшілерге ыңғайлы болу үшін қаладағы жол белгілері жүйесі мен жол инфрақұрылымына өзгерістер енгізілетін болады, деп хабарлады astana.kz.

Биыл Астанада 10 шақырымнан артық веложол пайдалануға беріледі

Бұл үшін велосипед жолдарының үш түрін жасау жоспарланған. Бұл тек велосипедшілердің қозғалысына арналған жеке жол; жалпылай пайдаланылатын жол құрамындағы жүргіншілер жолынан белгімен бөлінген веложол және тротуар құрамындағы белгімен бөлінген веложол. «Бұған дейін Ильинка елді-мекеніндегі Қорғалжың тас жолының сол жағындағы веложол пайдалануға берілген. Сонымен қатар, велосипед спортымен шұғылданатындар және қызығушылар Орталық саябақтағы жарықтандырылған және асфальтталған шаңғыроллер тас жолын пайдалана алады»,- дейді Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Сымбат Мырзағұлов. Оның айтуынша, қазіргі таңда велосипедшілер үшін қалалық тротуар құрамына Тұран даңғылы бойындағы Жәнібек пен Керей хандар көшесінен Достық көшесіне дейінгі аймақта 1,5 шақырым жол төселді. Ал жыл соңына дейін тағы 10,5 шақырым жол пайдалануға берілмек. Жоспарға сәйкес, веложол ұзындығы 74 шақырымға дейін жеткізілмек.